Қарағанды облысында көлік ұрылары ұсталды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының Осакаров ауданында полицейлер көліктерді айдап әкетумен айналысқан екі ер адамды ұстады, деп хабарлады аймақтық ІІД-нің баспасөз қызметінен.
None
None

«Осакаров ауданында мал ұрлығы мен басқа да қылмыстардың алдын алу және болдырмау бойынша арнайы мобильдік топ құрылды. Тәртіп сақшылары түнгі уақытта аудан жолдарында қызмет жүргізіп, сондай-ақ ауыл арасы жолдарымен жүретін көліктерді тексеруде. Кезекшілік жүргізу кезінде Сұңқар ауылына апаратын жолда «Volkswagen» маркалы көлік байқалған. Тексеру кезінде шетелдік көліктің Қарағандыдан айдап әкетілгені анықталды», - делінген хабарламада.

Теміртау қаласының екі тұрғыны ұсталды. Олардың екеуі де бұрын сотталған.

«Сот алдындағы тергеу барысында ұсталған ер адамдардың Сұңқар ауылынан тағы бір көлікті ұрлағаны анықталды. Олар «ВАЗ-21063» көлігін Теміртауға айдап әкеткен», - деді ІІД-нің баспасөз қызметінен.

Қазіргі уақытта ұсталғандарға қатысты сот алдындағы тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, олардың Қарағанды, Теміртау және Осакаров ауданында осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексерілу үстінде. Ұсталған ер адамдар уақытша ұстау абақтысына қамалды.

Соңғы жаңалықтар