Қарағанды облысында күннің суытуына байланысты ескерту жасалды
ҚАРАҒАНДЫ. 24 қаңтар. ҚазАқпарат /Валентина Елизарова/ - Қарағанды облысында төтенше жағдайлар департаменті синоптиктердің болжамына сілтеме жасай отырып, ауа температурасының төмендеуіне байланысты ескерту жасады.
Бұл туралы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Қазгидромет» ММК Қарағанды гидрометеорологиялық орталығының мәліметі бойынша, Қарағанды облысының аумағында 25 қаңтарда күн бұлтты болады. Түнде кей жерлерде қар жауып (облыстың шығысында қар жауады деп күтілуде), күндіз жауын-шашынсыз болады. Солтүстік шығыстан секундына 9-14 метр жылдамдықта жел соғады. Ауа температурасы түнде облыстың солтүстігінде 29-34, облыстың оңтүстігінде 20-25 градусқа дейін төмендесе, күндіз облыстың оңтүстігінде 14-19 градус, облыстың солтүстігінде 23 градус аяз болады деп болжануда», - деп хабарлайды облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Осыған байланысты халықтың барынша абай болып, ауа райы жағдайының өзгеруін бақылап отыруға, мүмкіндігінше алыс жолға шықпауына кеңес берілді.