Қарағанды облысында құтқарушылар қар құрсауынан жолаушыларды құтқарды
ҚАРАҒАНДЫ. 31 қаңтар. ҚазАқпарат /Валентина Елизарова/ - Қарағанды облысында өткен демалыс күндері құтқарушылар бірқатар аймақтарда қар құрсауынан жолаушылары бар автокөліктері құтқарды. Бұл туралы бүгін облыстық ТЖД баспасөз қызметі хабарлады.
Оның ақпараты бойынша, Абай ауданында Сасықкөл көліндегі «Балықшы үйі» жанынан қар құрсауында 30-ға жуық автокөлік жиналып қалды. «Жолдарды тазалауға жақын жердегі елді мекендерден техника жұмылдырылды. Қар құрсауында қалған барлық көліктер шығарылды», - деп атап өтті баспасөз қызметі.
Шет ауданында Нұраталды ауылына жақын жерде қар кептелісінде ішінде 15 адам, оның ішінде екі бала бар бес автокөлік тұрып қалды. «ТЖ жөніндегі аудандық бөлімнің күшімен оларға көмек көрсетілді», - деп хабарлайды облыстық ТЖД баспасөз қызметі.
Оның хабарлауынша, Шет ауданының төтенше жағдайлар жөніндегі қызметтері көлігі жолдан шығып кеткен Қырғыз Республикасының азаматтарына да көмектесті. ««Алматы-Екатеринбор» тас жолының 875 шақырымында «Бішкек-Новосібір» бағытында кетіп бара жатқан «Subaru Legacy» автокөлігі жолдан шығып кетті. Көлік ішінде үш қырғыз азаматы болды. Шет аудандық ТЖ жөніндегі бөлім қызметкерлерінің көмегімен автокөлік шығарылды. Одан кейін көлік өз жөніне кетті», - делінген облыстық ТЖД баспасөз қызметінің хабарламасында.
Сондай-ақ, құтқарушылар Абай ауданындағы «Алматы-Екатеринбор» автожолының көлік қозғалысын жандандыруға да көмектесті. «Тіркемесі бар «Скания» жүк көлігі бұзылып қалып, жолды жауып тастап, қозғалысқа шектеу қойды. Жеңіл броньді көп мақсатты сүйретпе техниканың көмегімен құтқарушылар бұзылған жүк көлігін жолдан сүйреп шғарды», - деп хабарлады баспасөз қызметі.