Қарағанды облысында полицейлер жылқы ұрлаумен айналысқан қылмыстық топты ауыздықтады
Қыркүйек айының соңғы күндері өткізілген операцияның үш күнінде облыс аумағында мал ұрлаудың сегіз фактісі тіркеліп, олардың жетеуінің беті ашылды, деп хабарлады облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен. Оған қоса, бұрындары жасалған алты қылмыс ашылды. «Операция басталғалы бері 66 мал ұрланып, олардың 42-сі иелеріне қайтарылды»,- дейді полицейлер.
Полицейлер Жаңаарқа ауданында әрекет етіп келген қылмыстық топты ауыздықтады. «Қылмыскерлер бір түннің ішінде Түгескен ауылының маңындағы жайылымнан 31 жылқыны айдап кеткен. Ұсталғандардың біреуі - Қарағанды тұрғыны, екіншісі- Жаңаарқа ауданының тұрғыны, кінәларын мойындады. Олардан заттай айғақтар тәркіленді», деп хабарлады баспасөз қызметінен.