Қарағанды облысында су тасқынынан қорғау дамбаларын салуға 7 млрд теңге бөлінбек

Өзендердің түбін тереңдету және жағалауларын бекіту, қорғау дамбаларын салу және күшейту бойынша шаралар қарастырылған. Жоспарланған шараларды жүзеге асыру үшін шамамен 7 млрд теңге қажет. Ол жайлы аймақ басшысы Ерлан Қошановтың жетекшілігімен өткен ТЖ бойынша комиссия отрысында мәлімделді.
- Еліміздің Премьер-Министрінің тапсырмасына сәйкес энергетика, ішкі істер, ауыл шаруашылық, инвестициялар және даму секілді төрт министрліктің біріккен қаулысымен «2017-2020 жылдарға арналған су тасқынының алдын алу және жою бойынша кешендік шаралар» республикалық Жол картасы бекітілді. Оның ішіне Қарағанды облысы бойынша өтетін шаралар енді, - деді Ерлан Қошанов.
Жол картасын іске асыру туралы облыс әкімінің орынбасары Анатолий Шкарупа мәлімдеді.
- Жол картасымен, су шаруашылығы нысандары бойынша, екі кезеңмен өзендердің түбін тереңдету және жағалауларын бекіту бойынша шаралар, сондай-ақ елді мекендерді тасқын судан қорғау үшін дамбаларды бекіту және салу қарастырылған. Бірінші кезеңде, 2017-2018 жылдарда, Қарағанды облысы бойынша Ақтоғай ауданындағы Тоқырауын өзенінің түбін тереңдету және жағалауларын бекіту, Федоров су қоймасы аумағында Соқыр өзенін жақсарту және тазалау қарастырылып отыр, - деді облыс әкімінің орынбасары. - Сонымен қатар Бұқар Жырау ауданындағы елді мекендердегі ұзындығы 7 шақырым қорғау дамбаларын нығайту жоспарланып отыр.
Дәлірек айтар болсақ, дамбалар су тасқынынан жиі зардап шегетін Чкалов және Садовое елді мекендерінде салынады. Алдын ала есептер бойынша олардың құрылысына 84,7 млн теңге қажет.
Ұзындығы 12 шақырым қорғау дамбасының құрылысы Қарқаралы ауданында да жоспарланып отыр. Ол Т.Әубәкіров атындағы және Жарлы ауылдарын қорғайтын болады. Бұл нысанның құрылысына 128 млн теңге жұмсалмақ. Нұра ауданында Тассуат және Майоровка ауылдарында ұзындығы 5 шақырым дамба салынады деген жоспар бар. Оған 53,5 млн теңге қажет.
- Екінші кезеңде, 2019-2020 жылдары Жартас су қоймасынан Сасықкөл көліне дейінгі ара қашықтықта Шерубай Нұра өзенінің, Бұқар Жырау, Нұра аудандары мен Теміртау қаласының аумағындағы Нұра өзенінің түбін тереңдету және жағалауларын бекіту жұмыстары жүргізілмек. Ақтоғай ауданында Нарманбет және Сарытерек ауылдарының маңайында Тоқырауын өзенін тазарту қарастырылған. Сонымен қатар Бұқар Жырау ауданындағы Ақтөбе ауылының қорғау дамбасын бекіту бойынша шаралар жүргізіледі, - деп мәлімдеді Анатолий Шкарупа.
Екінші кезеңде қорғау дамбаларының құрылысы және бекітілу жұмыстары Бұқар Жырау ауданының 12 елді мекенінде, Қарқаралы ауданының үш, Шет ауданының үш ауылында қарастырылған.
- Су шаруашылығы нысандарына Жол картасымен барлығы 6,8 млрд теңге, оның ішінде 2,6 млрд теңге - республикалық бюджеттен, 4,2 млрд теңге жергілікті бюджеттен бөлінеді, - деп қорытындылады өз сөзін облыс әкімінің орынбасары.
Жол картасы сондай-ақ жол инфрақұрылымдарының жөнделуіне 1 млрд теңгеден астам қаражат қарастырған. Жалпы есептегенде ол - 9 көпір мен 56 су өткізгіш құбырлар.
Республикалық маңызы бар жолдарда 2017-2019 жылдарда 640 млн теңгеге жөндеу-қайта қалпына келтіру жұмыстары жоспарланып отыр.
- Естеріңізде болсын, Жол картасын іске асыру бойынша талап қатаң болады. Алдағы уақытта біз ешқандай ауыр оқиғалардың болуына жол бермеуіміз керек, - деп ескертті Ерлан Қошанов. «Қаражат бөліп отырмыз. Әкімдер, басқарма басшылары, барлығы сіздердің қолдарыңызда. Барлық тапсырмаларды орындап, адамдарға барлығын түсіндірулеріңіз қажет».