Қарағанды облысында су тасқынынан зардап шеккен Батыс Қазақстан тұрғындарына көмек көрсету жөніндегі қоғамдық штаб құрылды

ҚАРАҒАНДЫ. 20 сәуір. ҚазАқпарат /Валентина Елизарова/ - Қарағанды облысында су тасқынынан зардап шеккен Батыс Қазақстан тұрғындарына көмек көрсету жөніндегі қоғамдық штаб құрылды.

Қарағанды облысында   су тасқынынан   зардап шеккен  Батыс Қазақстан  тұрғындарына көмек көрсету жөніндегі қоғамдық штаб   құрылды

«Штаб өз жұмысын бастады. Қарағандылықтар көмек көрсету туралы үндеуге белсенді үн қатып отыр, - дейді осынау штабтың жетекшісі, Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты Төлеген Әшімов. - Құрылыс материалдарымен, киім-кешекпен, азық-түлікпен көмек көрсету туралы көп ұсыныстар түсуде».

Т.Әшімовтың айтуынша, қарағандылық кәсіпкерлер ақшалай көмек те аударуда. Бизнесмендер 1 миллион теңгедей сома аударып отыр. Өңірге танымал «Айхан» шаруа қожалығы Батыс Қазақстанға 60 тонна картоп жөнелтуде», деп хабарлады штаб басшысы.

Қарағандылық кәсіпорындар мен ұйымдар көмек қорына сондай-ақ біркүндік жалақыларын аударып отыр. «Батыс Қазақстандағы жағдайды ести сала, біздің команда жиналыс өткізіп, көмек көрсету туралы шешім қабылдады. Біз біркүндік жалақыларымызды көмек қорына аудардық, Мұндай жағдай кез-келгеніміздің басымызға түсуі мүмкін. Сондықтан да, отандастарымызға көмек қолын созу - баршамыздың борышымыз», дейді «Шахтер» футбол командасының капитаны Андрей Финонченко.

Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, сондай-ақ Мемлекеттік материалдық резервтің Қарағанды филиалының қоймаларынан Батыс Қазақстанға екі вагон гуманитарлық көмек, атап айтқанда 66 600 банка бұқтырылған сиыр еті, 2700 келі шай, 1000 жылы көрпе жөнелтілді.