Қарағанды облысында табиғатты ластағаны үшін энергетика кәсіпорындарына 253 млн. теңге айыппұл салынды

«Қарағанды облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы және экология Департаменті "BasselGroup LLS" ЖШС-ның ҚР экологиялық заңнамасын ұстануы бойынша тексеріс жүргізді. Кәсіпорын жылу және электр энергиясын өндіру, тасымалдау, бөлу және сатумен айналысады», - делінген хабарламада.
Тексеріс барысында, кәсіпорын 2015 жылдың басынан құзыретті органның келісімінсіз қоршаған ортаға өндірістік қалдықтарды және ластағыш заттарды шығарғаны белгілі болды.
Экология Департаментінің бағалауынша, өндірістік қалдықтарды қоршаған ортаға рұқсатсыз төгу залалы 213 млн. теңгені құрады. Ал рұқсатсыз қалдықтарды қоршаған ортаға тастау шығыны 40 млн. теңгеге бағаланды.
«Табиғат қорғау прокуратурысы Қарағанды облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына «BasselGroup LLS» ЖШС-дан мемлекет пайдасына 253 млн. теңге өндіру арызын жазды. Арыз толық қанағаттандырылды», - делінген хабарламада.