Қарағанды облысында темір жол вагондарын шығаратын зауыт құрылысы жобалау кезеңінде
АСТАНА. 25 қазан. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында темір жол вагондарын шығаратын зауыт құрылысы жобалау кезеңінде. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында аталған өңір басшысы Бауыржан Әбдішев айтты.
Облыс әкімінің атап өтуінше, Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысынан кейін Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру бағытында нақты шаралар қолға алынған әрі қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыстар жүргізілу үстінде.
«Вагон шығаратын зауыт құрылысына қатысты айтар болсам, 2012 жылдың ақпанында Қазақстан көшбасшысының Германияға сапары аясында неміс инвесторларымен біздің облыста бірқатар зауыттар, оның ішінде жүк вагондарын шығаратын кәсіпорын салу бойынша меморандумдарға қол қойылған еді. Қазіргі уақытта аталған жоба жобалық-сметалық құжаттамасының аяқталуы кезеңінде тұр», - деді ол.
Б.Әбдішевтің атап өтуінше, бұл жоба бойынша нақты шешім ҚР Индустрия және жаңа технологиялар миинстрлігі мен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясымен барлық мәселелер шешілген соң қабылданады.