16:25, 28 Қаңтар 2009 | GMT +5
Қарағанды облысында жалақы борышкерлігі үшін 15 кәсіпорын басшысы қылмыстық жауапқа тартылу мүмкін
ҚАРАҒАНДЫ. Қаңтардың 28-і. ҚазАқпарат /Валентина Елизарова/ - Қарағанды облысында жалақыны уақытылы төлемеген кәсіпорындардың борыштары көп көлемде жинақталып қалуына байланысты бірқатар басшылардың үстінен қылмыстық іс қозғау үшін материалдар полицияға жөнелтілді.

Бұл туралы облыс әкімдігінің селекторлық жиынында облыстық әлеуметтік қорғау және қадағалау департаментінің директоры Алшын Шалабаев хабарлады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Департамент басшысының мәлімдеуінше, мұндай келеңсіздік 15 кәсіпорында орын алған. Жалпы борыш көлемі ? 63,5 млн. теңгені құрайды, яғни 2615 жұмысшы жалақысыз қалып отыр. Бүгінгі күнге бұл көрсеткіш 26 млн. теңгеге қысқарғанымен әлі де 1082 жұмысшы жалақысыз қалуда, - деді А. Шалабаев.
Осыған орай барлық кәсіпорын басшыларына қатаң ескерту жасалып, еңбек заңдылығын бұзғандықтары үшін 100-150 ең төменгі есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды. Кәсіпорындардан келіп түскен материалдар қылмыстық іс қозғау үшін облыстық ІІД-іне жіберілді.