Қарағанды облысында жасөспірімдердің өзіне-өзі қол жұмсауы екі есеге артқан
«2013 жылы облыс аумағында суицидтің 484 фактісі тіркелді, соның ішінде 173-і қайғылы жағдаймен аяқталған. Жасөспірімдер арасында өзіне-өзі қол жұмсаудың 57 фактісі тіркелген, оның ішінде 19-ы адам өлімімен аяқталған. 2012 жылмен салыстырғанда, жасөспірімдер арасындағы аяқталған суицид екі жарым есеге өскен», - деді үйлестіру кеңесінің отырысында облыс прокуроры Асқар Секішев. Прокуратураның ақпараты бойынша, биылғы жылы үш жасөспірім өз өмірлерімен қоштасқан. Бұл жолда Интернеттің де зияны зор, деп ұйғарады прокурор.
«Ғаламторда өз өміріңді қалай қиюға болатынын көрсететін дайын нұсқаулықтарға дейін бар. Өз-өздеріне қол жұмсағандардың оқиғалары мен осы істе өздеріне серік іздегендерді де табуға болады», - деп атап өтті ол.
Кеңес отырысында бұл бағыттағы алдын алу шараларының аз жүргізілетіні жайлы да айтылды.
«Қазіргі уақытта облыс аумағында 533 педагог-психолог, 257 әлеуметтік педагог жұмыс істейді. Олардың жартысына жуығы ғана біліктілікті арттыру курстарынан өткен. Бұл олардың жұмыс сапасынан теріс көрініс беруде. Ерекше бақылауды қажет ететін және «қатерге ілігетін» балалар тобымен жеке жұмыстар жүргізілмейді», - деді Қарағанды облысы прокуратурасы басқармасының басшысы Марғұлан Қалиақпаров.
Сонымен бірге, прокурорлық тексеру кезінде сәйкес мамандығы жоқ адамдардың психолог ретінде жұмыс істеу фактілері анықталған. Жиын нәтижесінде мәлім болғандай, көптеген жағдайда жасөспірімдердің өз-өздеріне қол жұмсауының шынайы себептері анықталмайды. Кеңес қорытындысы бойынша жасөспірімдер арасында суицидтің алдын алу шараларын күшейту туралы ұсыныстар қабылданды.