Қарағанды облысында жел ұшырған шатырдың сынықтары тиген үш адам жарақат алды

ҚАРАҒАНДЫ. 8 қараша. ҚазАқпарат /Валентина Елизарова/ - Қарағанды облысында үш адам Долинка кентіне жақын орналасқан бұрынғы автотұрақ ғимаратының жел ұшырған шатыры тиіп, жарақат алды. Бұл туралы дүйсенбі күні облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қарағанды облысында жел ұшырған шатырдың сынықтары тиген үш адам жарақат алды

«Бүгін күннің екінші жартысында қатты желдің әсерінен Долинка кентіне жақын жердегі Солтүстік-Батыс кентінен 3 шақырым жерде орналасқан бұрынғы автотұрақ ғимаратының шатырларын жел ұшырды. Шатыр сынықтары автобус күтіп тұрған үш адамға тиіп, олар жарақат алды. 63 жастағы ер адам мен 62 жастағы әйел ауруханаға жеткізілді. Ал зардап шеккен үшінші жас жігітке алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, ол ауруханаға жатудан бас тартты», - деп ақпарат таратты облыстық ТЖД баспасөз қызметі.

Дәрігерлердің айтуынша, бас сүйегіне зақым келген ер адамның жағдайы өте ауыр, ол ес-түссіз жатыр.

«Бұрынғы автотұрақ ғимараты жекеменшік иелік болып табылады. Шатыр жақында ғана жөндеуден өткен. Алдын ала болжам бойынша, төбе жабыны нашар жабылған», - деп толықтырды облыстық ТЖД баспасөз қызметі.