Қарағанды облысында жыл аяғына дейін балабақшалармен қамту 70 пайызға жеткізілмекші - аймақ басшысы
Бұл жөнінде Қарағанды облысының әкімі Серік Ахметов журналистермен болған сұхбатта айтты.
Қазіргі уақытта аймақта мектепке дейінгі мекемелердегі орындармен балалардың 68 пайызы ғана қамтамасыз етілген. Аймақ басшысының айтуынша, балабақшалардың жетіспеуі облыс орталығында өткір сезіледі.
«Келесі жылы біздер 20 балабақшаны іске қосуымыз керек. Бұл жерде бірнеше бағыттар бар. Біріншіден, мемлекеттік мекемелерді бұрынғы балабақша үйлерінен көшіру. Бұл үйлерде облыстық бюджет және «Жол картасы» бағдарламасы есебінен алдымен жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Екіншіден, кезінде жекешелендірілген, бірақ жеке адамдар пайдаланбаған балабақша үйлері, әрине, өтемақы төленіп қайтарылуы тиіс. Сонымен қатар, жаңа балабақша салу қажет», - деді С.Ахметов.
Облыс әкімі жыл аяғына дейін Қарағандыда екі жаңа балабақшаның ашылатынын еске салды.
2012 жылға дейін облыста балабақшалармен қамту 90-95 пайызға жеткізіледі.