Қарағанды облысында жыл соңына дейін үш өзен тазартылады
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында желтоқсанға дейін Нұра, Ақбастау және Солонка өзендерін санациялау жұмыстары аяқталмақ. Бұл жобалар 2021-2023 жылдарға арналған су тасқыны қаупін азайту жөніндегі республикалық жол картасы шеңберінде қаралған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазіргі таңда Қарағанды облысында Теміртау қаласы, Чкалово және Садовое ауылдары маңында Нұра өзенін қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, Осакаров ауданында ұзындығы 3,5 км Ақбастау өзені, Қарағанды қаласының Рабочий кентінде ұзындығы 7,2 км Солонка өзені санацияланады. Бұл жобалар Қарағанды облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бақылауымен жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар, Нұра өзенінде жол картасынан тыс жұмыстар да жүргізіледі: Ғ. Мұстафин кентінен Самарқанд су қоймасының кіреберісіне дейінгі ұзындығы 4,2 км арна учаскелерін және Шахтерское ауылы мен Байтуған ауылы арасындағы ұзындығы 17,2 км өзен учаскелерін санациялау іске асырыла бастады.

Нұра өзенінің Қ. Сәтбаев атындағы каналының ұзындығы 2,4 км ауданындағы учаскесінде санация жүргізуге конкурстық рәсімдер аяқталды. Инженерлік жұмыстардың облыстық жоспары бойынша биыл 5,8 км қорғаныс бөгеттері мен біліктері тұрғызылып, нығайтылды, өзен арналарының 14,5 км су тасқыны қаупі бар учаскелеріне санация жүргізілді, 13,9 км дренаждық және су бұру жүйелері тазартылды. Автомобиль жолдарының төрт учаскесінде су өткізу қабілеті ұлғайтылды, 5 су шаруашылығы құрылысы жөнделді.

Облыста 2015-2022 жылдар аралығында барлығы 260,1 км қорғаныс бөгеттері мен біліктер тұрғызылып, нығайтылды, 120 км өзен арналарын қорғау және түбін нығайту, түзету және кеңейту жұмыстары жүргізілді.
