14:01, 20 Ақпан 2018 | GMT +5
Қарағанды облысында жылытқыштың тұйықталуы салдарынан екі бала зардап шекті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағанды облысы Ботақара кентіндегі өрт салдарынан төрт және екі жасар екі бала мен ер адам ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА ҚР ІІМ ТЖК ресми өкілі Руслан Иманқұловқа сілтеме жасап.
«19 ақпан күні 9 сағат 8 минутта Ботақара кентіндегі 12 пәтерлі екі қабатты тұрғын үйінде жиһаздар мен заттар өртенген», - деп мәлімдеді ол.
Сондай-ақ, өрт сөндірушілер 5 адамды, соның ішінде 4 баланы құтқарған. Өрт 09:30-да ауыздықталып, 09:33-те сөндірілген. Өрт 20 шаршы метр аумақты шарпыған. Тілсіз жау жылытқыштың тұйықталуы салдарынан шыққан.
Өрт салдарынан ыс тиген 35 жастағы ер адам мен 2014 және 2016 жылғы екі бала ауруханаға жеткізілген.