Қарағанды облысының әкімдігі мен Көлік және коммуникация министрлігі аймақтың көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі бірлескен іс-қимылдардың жоспарын әзірлейді
Сенбі күні Қарағандыда облыс әкімі Серік Ахметов пен Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайыновтың қатысуымен өткен жұмыс кеңесінде осындай келісімге қол жеткізілді.
Кеңесте автожолдарды жөндеу жұмыстарын қосымша қаржыландыру және республикалық деңгейде шешімді қажет ететін басқа да мәселелер бойында ұсыныстар қаралды. Атап айтқанда, Қарағанды-Астана төртқатарлы автобанның құрылысын бастауды жеделдету, Қызылорда-Жезқазған және Жезқазған-Есіл-Петропавл тас жолдарын қайта жаңарту, Жезқазған-Бейнеу теміржол тармағын салу мәселелері бар.
Кеңесте сондай-ақ, Қарағандының «Сарыарқа» әуежайының әлеуетін пайдалана отырып, азаматтық авиацияны дамыту мәселесі де талқыланды.
«Бұл жобалардың барлығының мемлекеттік маңызы зор, себебі Қарағанды облысы ел картасында орталық орында және көптеген транзиттік дәліздердің тоғысқан жерінде орналасқан», - деп атап көрсетті облыс әкімі С.Ахметов өз сөзінде.