Қарағанды облысының әкімдігі мен «Сентрал Азия Цемент» компаниясының басшылығы дағдарысты жағдайдан шығудың шешімін тапты

ҚАРАҒАНДЫ. Қаңтардың 23-і. ҚазАқпарат /Валентина Елизарова/ - Бүгін Қарағанды облысының әкімі Нұрлан Нығматуллин, «Сентрал Азия Цемент» компаниясының бас акционері Хавьер Дель Сер Перез және кәсіподақ комитетінің төрағасы Айқын Ахметов Ақтау кентіндегі цемент зауытының өндірістік үдерістерін тұрақтандыру және қызметкерлерін әлеуметтік қорғау туралы үшжақты меморандумға қол қойды,
None
None
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Цемент нарығында қалыптасып отырған дағдарысты ахуалға байланысты компания зауыт жұмысшыларының жартысына жуығын мәжбүрлі демалысқа шығару туралы шешім қабылдаған болатын. Осыған байланысты облыс әкімінің басшылығымен құрылған жұмыс тобы зауыт акционерлерімен бірлесіп өндірістік үдерістерді тұрақтандыру жөніндегі шараларды, ең бастысы жұмысшыларды әлеуметтік қорғау мәселелерін қарап шықты. Жұмыс тобы бір апта отырып, оның қорытындысы бойынша меморандумға қол қойылып отыр. «Бұл маңызды құжат. Ақтау ауылының әрбір тұрғыны - зауыт жұмысшылары. Теміртау қаласының жанында орналасқан 10 мың тұрғыны бар ауылдың тіршілігі осы зауытпен байланысты. Сондықтан да жүздеген адамды жұмыстан шығару туралы кәсіпорын иелерінің шешімі ауылдың барлық тұрғындарына әсерін тигізетін еді», деп атап көрсетті Н.Нығматуллин өз сөзінде. Меморандум бойынша, жұмыс орындары қысқартылмайтын, адамдар жұмыстан босатылмайтын болды. 960 адам жұмыстың басқа учаскелеріне тартылмақ. Олардың 629-ы - қазірден бастан жартылай жұмыс күніне ауыстырылған. 156 адам негізгі өндіріспен байланысты мамандықтар бойынша кәсіпорында өз біліктіліктерін жетілдіретін болады. Ал 331 жұмысшы екінші мамандық алу үшін оқытылады және біліктіліктері жетілдіріледі. Орташа жалақылары сақталатын оларды Теміртаудағы кәсіптік лицейлердің мамандары Ақтау ауылына келіп оқытатын болып отыр. Зауыттың 175 жұмысшысы газ-электр дәнекерлеушісі, тас қалаушы, электрик, сылақшы, т.б. кәсіптерді игеретін болады. Сондай-ақ 2009 жылға бюджет саласы нысандары мен ірі кәсіпорындардың цементке деген сұраныстарының болжамы талдап жасалды.
Соңғы жаңалықтар