Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында көктемгі су тасқынынан зардап шеккендерге 26 үй салынды

Облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков бүгін Ақтоғай ауданының Қарасу ауылында болды. Өңір басшысы су тасқыны салдарынан қираған үйлердің орнына салынған жаңа баспаналарды қарап, тұрғындарды жаңа қонысымен құттықтады. «Ақтоғай ауданында техникалық сараптама нәтижесінде 26 үй апатты жағдайда деп танылды. Жаңа үйлер бюджет қаражатына салынды. Бүгін 26 баспана қолданысқа берілді», - делінген хабарламада. Үйге деген құқығын растайтын құжаты болмаған 4 ауыл тұрғынына су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсетудің облыстық қоғамдық қорынан 4,4 млн. теңге бөлінді. «Жаңа баспана мен материалдық көмекке, әрине, ризамыз. Өтемақыға тұрмыстық заттар мен жиһаз сатып алдық. Осындай қиын кезде елеусіз қалдырмағанына алғыс айтқымыз келеді», - деді орта мектеп мұғалімі Роза Ыбышева. «Жібек жолы» ЖШС шаруа қожалығының басшысы Марат Минуаров та билікке ризашылығын білдірді. «Далада қаламыз деп қатты алаңдадық. Суық түскенге дейін жаңа үйге көшуіміз қуантады», - деді ол. Облыс әкімі жұмыс сапары кезінде су тасқыны салдарынан шайылған автомобиль жолдарындағы жөндеу жұмыстарымен танысты. Сонымен қатар Н.Әбдібеков Ақтоғай ауданы Сәуле ауылында салынып жатқан дәрігерлік амбулаторияны көрді. Кейін екі жаңа қыстақта болды. Табиғи апат салдарынан қираған үйлердің орнына жаңасын тұрғызу облыс әкімдігінің бақылауында екені аталып өтілді.