Қарағанды облысының арнайы мекемесінде жер астынан қазылған жол жасауға қатысты үшінші адам анықталды
АСТАНА. 27 желтоқсан. ҚазАқпарат /Ғалымжан Хасенов/ - Қарағанды облысында жер астынан қазылған жол жасауға қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлады ҚР ІІМ ҚАЖК-нің баспасөз қызметі.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Қарағанды облысының түзеу мекемелері аумақтарының бірінде ІІМ-нің қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкерлері жер астынан қазылған жол жасалғанын анықтау бойынша сәтті операция жүргізді.
Тереңдігі екі метр, ұзындығы шамамен он метр болған қазылған жерасты жолы алдын-алу шараларын өткізу барысында анықталды.
Ішкі істер органдарының қызметкерлері бұл қылмысқа қатысты екі сотталған азаматты «ізін суытпай» қолға түсірді. Басталған тергеу барысында бірнеше сағаттың ішінде ауыр қылмыстарды жасағаны үшін ұзақ мерзімді жазасын өтеп жүрген (18 жыл) үшінші адам да ұсталды.
Үш сотталған адам жеті жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейтін ҚР ҚК-нің 24, 358 бабы, 2 тармағы - түрмеден қашуға дайындық ұйымдастырғаны үшін жазаға тартылады, деп атап өтті ҚР ІІМ ҚАЖК-нің баспасөз қызметі.