Қарағанды облысының Нұра ауданында көктемгі су тасқынынан зардап шеккендерге тұрғын үйлер толық тапсырылды (ФОТО)
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамед Әбдібеков Нұра ауданына жасаған жұмыс сапарының барысында көктемгі су тасқынында үйлері бұзылып, жаңа баспана алған ауыл тұрғындарымен кездесті, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметінен.
«Нұра ауданында табиғи апат салдарынан 77 үй зардап шекті, сарапшылық комиссия соның 27-сін (29 пәтер) апатты және тұруға жарамсыз деп таныды. Бұл үйлер құлатылып, тұрған жерлерінде жаңа үйлер салынды. Құрылыс Кертінді, Тассуат, Көбетей, Майоровка және Щербаковский ауылдарында жүргізілді. Бүгінде барлық үйлер кестеге сәйкес тапсырылған», - делінген хабарламада.
Құрылысқа 195,4 млн. теңге бюджеттік қаражат жұмсалған.
Бұдан басқа, зардап шеккен аудан тұрғындарына жоғалтқан мүлігі үшін жалпы сомасы 19,9 млн. теңгеге өтемақы төленді. Сондай-ақ гуманитарлық көмек көрсетілген.