Қарағанды университетіне жаңа ректор тағайындалды
ҚР БҒМ министрі Асхат Аймағамбетов ҚарУ профессорлық-оқытушылық құрамына жаңа ректорды таныстырды.
«Республикалық байқау комиссиясының шешімімен және менің өкімімен Қарағанды университетінің жаңа ректоры болып Нұрлан Дулатбеков тағайындалды. Нұрлан Орынбасарұлы Президенттің білім беру саласында қойған міндеттерін орындау үшін барлық мүмкіндікті жасайды. Мен ең алдымен ЖОО-н талдап, жаңа стратегияны бекіту керек деп санаймын. Екіншіден, кадрлық қамтамасыз етуге көңіл бөліп, нығайту керек. Үшінші мәселе – педагогтардың жалақыларын көтеру», - деп атап өткен Асхат Аймағамбетов жұмыстағы басымдықтарды белгіледі.
Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Нұрлан Дулатбековты тағайындалуымен құттықтады.
«Сайлау нәтижелері мен ҚР БҒМ шешімі сіздің ғылым саласындағы еңбегіңіз бен кәсіби жетістіктеріңізді мойындау болды. Басқарушы лауазымдардағы үлкен өмірлік тәжірибеңіз бен жұмыс өтіліңіз, ғылыми жұмыстар мен зерттеулеріңіз сізге университетті жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Біз сізге бұл жолда белсенді көмектесуге дайынбыз. Сізді тағайындалуыңызбен құттықтаймын, жаңа лауазымда жетістік және табысты жұмыс тілеймін», деді өңір басшысы.
Нұрлан Дулатбеков 1962 жылы Қарағанды облысының Ақсу-Аюлы ауылында дүниеге келген.
1984 жылы Е. А. Бөкетов атындағы ҚарМУ «құқықтану» мамандығы бойынша, 1992 жылы - ҚР Ғылым Академиясының философия және құқық институтының аспирантурасын тәмәмдаған.
Заң ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылымдар академиясының мүше-корреспонденті, Қазақстан Педагогика ғылымдарының академиясының академигі.
Педагогикалық қызметін 1986 жылы Қарағанды мемлекеттік университетінің оқытушысы ретінде бастаған. Одан кейін осы ЖОО-ның заң факультетінің кафедра меңгерушісі болып істеген.
1996 жылдан 2013 жыл бойынша Қарағандыдағы «Болашақ» университетінің ректоры болды.
Қарағанды облыстың мәслихатының депутаттығына екі рет сайланды, облыстық мәслихаттың хатшысы болды
2016 жылдан бастап осы тағайындауға дейін «Нұр Отан» партиясынан VI-шақырылымда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚР Парламенті Мәжілісінің заңнама және сот-құқықтық реформа бойынша комитет мүшесі болды.
Нұрлан Дулатбеков - 200 астам ғылыми еңбектер авторы. «Достық» орденінің иегері.