Қарағандыда 100-ден астам кондуктор жұмыссыз қалды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды автопарктерінің бірінде 150 қоғамдық көлік кондукторымен еңбек шарты бұзылды. Бұған электронды төлем жүйесін енгізу себеп болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағандыда 100-ден астам кондуктор жұмыссыз қалды

Бүгін таңертең Қарағандының барлық автобустары рейске кондукторсыз шықты. Себебі қоғамдық көлікте электронды төлем жүйесі енгізілді.

Қарағанды автопарктері 150 кондуктормен еңбек шартын бұзды. Алайда, автопарк басшылығының айтуынша, олардың бәрі бірдей жұмыссыз қалған жоқ.

«Барлық кондуктор жұмыссыз қалған жоқ. Кейбіреулері бақылау-тексеру қызметіне орналасты, бұл – жолақы төлеудің электронды жүйесінің жұмысын бақылау үшін ашылған жаңа қызмет», - деп хабарлады №3 автопаркте.

Қала әкімдігінің хабарлауынша, сараланған тариф енгізілгенге дейін кондукторлық құрамы бар №3 автопарк басшылығымен қалалық жолаушылар көлігі жұмысының жаңа схемасы туралы түсіндірме жүргізілген.

«Автопаркте қалалық маршруттарда 150 кондуктор жұмыс істеді, оның 50-і автопарктің бақылау-тексеру құрамына қайта даярланды, бір бөлігі қалааралық маршруттарға ауыстырылды. Қалғандарына «Оңай» бақылау-тексеру қызметіне жұмысқа орналасу ұсынылды, онда бүгінгі таңда 35-ке жуық бақылаушы қажет. Сондай-ақ, жұмыспен қамту орталығына хабарласуға болады. Бүгінгі таңда орталықта 2000-нан астам бос жұмыс орны бар, сонымен қатар стипендия төлей отырып, түрлі мамандықтар бойынша қысқа мерзімді білім алуға, кәсіптік даярлау талап етілмейтін қоғамдық жұмыстарға орналасуға, немесе өз ісін дамытуға мемлекеттік грант алуға мүмкіндік бар», - деп түсіндірді Қарағанды қаласының әкімдігінде.