Қарағандыда 509 көп қабатты үйдің тұрғындары жылусыз отыр

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыдағы 509 көп қабатты тұрғын үйге жылу берілмей отыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Қарағандыда 509 көп қабатты үйдің тұрғындары жылусыз отыр

Соның ішінде 47 көп қабатты үйге жылудың берілмеуіне ПИК айыпты болып отыр.

«Қарағандыда 1 797 үйге жылу берілген. Бұл 78 пайыз деген сөз. 509 үйге түрлі себептермен жылу берілмей отыр. Соның 300-іне жылудың берілуі жылу магистралдарындағы жөндеу жұмыстарына байланысты кешіктірілуде», - дейді әкімдік баспасөз қызметіндегілер облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Қайрат Бегімовке сілтеме жасап.

Облыстың солтүстік бөліктерінде жылу маусымы ресми түрде 1 қазаннан басталды. Оңтүстік бөліктерінде қазанның 5-і мен 15-і аралығында жылу беріледі. «Облыс оңтүстігінде күндіз ауа температурасы 13-14 градус нөлден жоғары болып отыр», - деді Қайрат Бегімов.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда облыстағы 3 170 көп қабатты үйге, яғни 47 % жылу берілген. Жылу берілген әлеуметтік нысандардың саны - 398.