Қарағандыда 9 сыныптың оқушысынан туберкулездің ашық түрдегі формасы анықталды
ҚАРАҒАНДЫ. 2 мамыр. ҚазАқпарат - Қарағандыда орта білім беретін №54 мектепте туберкулездің ашық түрдегі формасы анықталды.
Бұл туралы облыстық мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті хабарлады.
«Қарағанды қаласының №54 мектебінде туберкулездің ашық түрдегі формасымен ауыратын 9 сыныптың оқушысы анықталды. Қазіргі уақытта бойжеткен оқшауландырылып, туберкулезге қарсы диспансерге жеткізілді», - деді облыстық мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің баспасөз хатшысы Азамат Сүлейменов.
Ведомстводан хабарланғандай, биыл Қарағандыда ұйымдасқан балалар ұжымында туберкулездің ашық түрдегі формасымен ауру бірінші рет тіркелді.
«Мектепте жоспарлы диагностикалық-аллергиялық егу жұмыстары жүргізілуде. Туберкулез анықталған мектепте балалар флюорографиялық тексеруден өтеді», - деді А. Сүлейменов.