Қарағандыда алғашқы ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне 54 тонна ет әкелінді

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыда дәстүрлі күзгі ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі басталды. Онда өңірдің ауыл шаруашылығы өнімдері сатылады. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қарағандыда алғашқы ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне 54 тонна ет әкелінді

«Жәрмеңке ел Президентінің азық-түлік өнімдеріне бағаны тұрақтандыру және тұрғындарға, әсіресе аз қамтылған азаматтар мен зейнеткерлерге әлеуметтік қолдау көрсету тапсырмасын орындау үшін өткізілуде. Бұл қазіргі белең алған экономикалық дағдарыс уақытында аса маңызды», - деді облыс әкімі Н. Әбдібеков сенбі күні өткен жәрмеңкенің ашылуында. Бірінші жәрмеңкеге облыстың 9 ауданының өндірушілері қатысты. 70 шатыр орнатылды, баға нарықтық бағадан 15-30 пайызға төмен болады. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, 54 тонна ет, 250 мың дана жұмыртқа, 320 тонна картоп, 100 тонна көкөніс әкелінді. Бұдан басқа, қымыз, бауырсақ фестивалі өткізілді.