Қарағандыда денсаулық сақтау саласының үздік қызметкерлерін марапаттады (ФОТО)
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыда Кеншілер мәдениет сарайында бүгін денсаулық сақтау қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын өтті.
«Ақ халатты абзал жандардың еңбегі - халық игілігіне арналған жауапты қызмет. Біздің медицина саласындағы қызметкерлеріміз өз ісіне адалдығымен, жанқиярлығымен, жоғары кәсібилігімен ерекшеленуде», - деді мереке иелерін құттықтаған облыс әкімінің орынбасары Жандос Әбішев.
Ол өңірде денсаулық сақтауды дамытуға баса назар аударылып жатқанын атап өтті. Соңғы 5 жылда сала бюджеті 30 пайыздан астамға ұлғайды.
«Медицина ұйымдары заманауи жарақтармен жабдықталуда. Қарағанды мамандары жүрек, қан тамырлары, омыртқа, бас, жұлынға күрделі жоғары технологиялы оталар жасайды. Буындарды эндопротездейді. Жоғары технологиялы медицина орталықта ғана емес, облыстың басқа өңірлеріне де қолжетімді бола түсуде. Балқаш пен Жезқазғанда күрделі сүйек сынығына ота жасалатын болды. Жезқазған орталық ауруханасында инсульт орталығы ашылды», - деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары.
Артынша марапаттау рәсімі басталды. Осы жылы әкім сыйлығы 8 аталым бойынша берілді. Үздік терапевт, хирург, педиатр, акушер-гинеколог, жалпы практика дәрігері, медбике, денсаулық сақтау ұйымдастырушысы анықталды. Әрқайсысы 200 мың теңгеден сыйлық алды.
Бұдан басқа, «Кәсібіне адалдығы үшін» 600 мың теңге көлеміндегі арнайы сыйлық табысталды. Оның иегері жарты ғасырдан бері еңбек етіп келе жатқан облыстық клиниканың дәрігер-отоларингологы Валентина Годяцкая атанды.
Қазақстан халқы Ассамблеясының құрмет грамотасын облыстық кардиохирургиялық орталық директорының орынбасары Павел Богославский алды. ҰОС қатысушысы, денсаулық сақтау ардагері Сергей Стрельцовқа диплом мен ақшалай сыйлық берілді.
Қарағанды облысында денсаулық сақтау саласында 25 мыңнан астам адам еңбек етеді.