14:20, 04 Желтоқсан 2012 | GMT +5
Қарағандыда екі жолаушылар автобусының қатысуымен жол-көлік оқиғасы орын алды
ҚАРАҒАНДЫ. 4 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін таңертең Қарағандыда екі жолаушылар автобусының қатысуымен жол-көлік оқиғасы орын алды. Соның салдарынан 8 адамға медициналық көмек қажет болды. Бұл туралы облыстық ІІД жол полициясы басқармасынан хабарлады.

Апат Бейбітшілік бульвары және Гоголь көшесінің қиылысында орын алды. №№ 43 және 29 маршрут автобустары соқтығысты.
«Орын алған жол-көлік оқиғасы нәтижесінде 2 көлік жүргізушісіне және 6 жолаушыға медициналық көмек қажет болды. Абырой болғанда олар қатты зардап шекпеген. Бір автобус Жедел басқару орталығының камерасы орнатылған ағаш діңгегіне соғылған», - деп хабарлады ЖПБ-нан.
Алдын ала жасалған болжамдарға қарағанда, апат жол қозғалыс ережесін өрескел бұзған жүргізушілердің бірінің кінәсінен болған. Автобустардың бірі автопаркке, екіншісі айып тұрағына қойылды. Жол-көлік оқиғасының мән-жайы анықталуда.