Қарағандыда қант тапшы

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыда тұрақты қордан 150 тонна көлеміндегі тауар интервенциясына қарамастан, өңірдегі қант тапшылығы жойылар емес, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Қарағандыда қант тапшы

«Тұрақты қордан нарыққа 150 тонна қант шығарылды. Бір келісі 244 теңгеден сатылуы тиіс болған. Бірінші кезекте, әлеуметтік павильондарға, одан кейін аймақтардағы коммуналдық базарларға жөнелтілді. Үшінші кезекте - тұрақты қордың шартымен келіскен супермаркеттерге берілді. Түптеп келгенде, осы көлем қажеттілікті өтейтін. Бірақ, қазір халық қантты бұрынғыдан да көп алатын болды», - деді облыстық кәсіпкерлік басқармасының жетекшісі Татьяна Аблаева.

Әлеуметтік павильондар мен супермаркеттерде қант сатылымы бір адамға 2 келімен шектеліп отыр. Оның үстіне, интервенциялық өнім аз уақытта сатылып біткен. Құмшекер тұратын сөрелер бос қалып, рафинадтар ғана қалды.

Қарағандыдағы қант бағасы аз уақыттың ішінде бір келісі 260-270 теңгеден 300-350 теңгеге дейін көтерілген.

Т. Аблаеваның хабарлауынша, билік монополияға қарсы органға қант бағасын 300 теңгеден асырған кәсіпкерлерге байланысты тергеу жүргізу туралы өтініш жасады. Жақын күндері Қарағанды өңіріне өндіруші зауыттан қоммерциялық қант түсімі болады деп күтілуде. «Вагондар жолда келе жатыр», - деді басқарма жетекшісі.

Облыстық әкімдіктің мәліметіне сүйенсек, облыс қалалары мен аудандарында 33 әлеуметтік павильон, 4 коммуналды базар және әлеуметтік бұрыш пен әлеуметтік қатары бар 285 сауда нысаны жұмыс істейді.