Қарағандыда қарияларға арналған белсенді өмір орталығы ашылды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚАЗАҚПАРАТ - Қарағандылық зейнеткерлер енді белсенді түрде спортпен шұғылданып, тіл үйреніп, бассейнге бара алады. Бұл үйірмелердің барлығы егде адамдарға тегін ұсынылады, деп хабарлайды ҚазАқапарт тілшісі.
None
None

Бүгін Қарағандыда Қазақстан халқы Ассамблеясының Достық үйінде зейнет жастағы азаматтарға арналған «Белсенді өмір» орталығы ашылды. Жоба аға буынды қолдау бойынша Жол картасы шеңберінде жүзеге асырылды.

Жаңа орталықта зейнетке шыққан қариялар үшін шахмат ойнауға арналған үстелдер, лингафонды сыныптары бар кабинеттер мен би және спортпен шұғылдануға арналған залдар бар.

«Біздің орталық 60 адамға шақталған, қазірдің өзінде 45 адам жазылып қойды. Адамдар саны көбейген сайын оларды аудандарға бөлуді жоспарлап отырмыз, - дейді орталық жетекшісі Раушан Құзғұмбаева. - Аптасына бір рет барлығына ортақ бір шара өткізу жоспарланып отыр. Ал қалған күндері келушілер өздері таңдаған үйірмелерге барып отырады».

Орталық Қазақстан халқы Ассамблеясының қарағандылық филиалы және «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының бастамасымен ашылған. Қажетті жабдықтар меценаттардың ұсынған қаражатына сатып алынды.

Орталықты ашудың басты мақсаты - егде жастағы тұрғындарды белсенді зияткерлік, шығармашылық және қоғамдық өмірге баулу. Ол үшін үйірмелер мен секцияларды жүргізетін еріктілер жұмылдырылған. Орталықтың ашылу салтанатына ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары, «Нұр Отан» партиясының Фракция мүшелері Альберт Рау және Гүлнәр Бижанова қатысты.

«Мысал ретінде жапондықтарды алатын болсақ, олардың қариялары белсенді өмірлерін зейнетке шыққан соң бастайды. Олар тілдерді үйреніп, спортпен шұғылданып, жаңа бір кәсіптерді меңгере бастайды. Біздің де аға буын зейнет жасына келгенде өзін ешкімге керексіз сезінбей, еңсесін түсірмей, белсенді өмір бастаса екен дейміз. Дәл осы мақсатта осындай орталықтар құрылып жатыр», - деді ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Гүлнәр Бижанова.

«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының орынбасары Қадиша Оспанованың айтуынша, жазда орталық мүшелеріне облыстың киелі жерлеріне саяхат ұйымдастырылады. Сонымен қатар келешекте зейнеткерлер үшін бассейнге және жаттығу залдарына абонемент беріледі деп жоспарлануда.

Егде жастағы адамдарға арналған үйірмелер кестесі жақын арада пайда болады. Оны зейнеткерлердің тілектерін ескере отырып құрады. Шахмат ойынына арналған кабинет жұмыс күндері 10.00-ден 18.00-ге дейін жұмыс істейді. Үйірмеге жазылу үшін Қазақстан халқы Ассамблеясының Достық үйіне, 108-ші кабинетке келу керек.

Соңғы жаңалықтар