Қарағандыда «корпоративтік көшбасшылардың» қатарындағы жобаларды іске қосу үшін энергиямен қамтамасыз ету мәселесін шешу қажет
ҚАРАҒАНДЫ. Ақпанның 16-сы. ҚазАқпарат /Валентина Елизарова/ - Қарағандыдағы «Силициум Қазақстан» ЖШС металл кремнийлерін шығаратын зауытын іске қосу үшін энергиямен қамтамасыз ету мәселесін шешу қажет.
Бұл мәселе Қарағанды облысының әкімдігінде ҚР Индустрия және сауда министрі Әсет Есекешевтің және үкіметтік жедел топ өкілдерінің қатысуымен өткен кеңесте талқыланды. Осы Қарағанды зауытының индустриялық бақ аумағындағы құрылысы 2008 жылы аяқталған болатын. Жоба «Қазақстанның 30 корпоративтік көшбасшысы» мемлекеттік бағдарламасына енгізілген. Алайда зауыт әлі тоқтап тұр және өнім өндіру басталған жоқ.
«Қазір алда тұрған жалғыз ғана мәселе - бұл электр энергиясымен қамтамасыз ету», - деді «Силициум Қазақстан» ЖШС бас директоры Александр Сутягинский. Оның айтуынша, қазіргі уақытта зауытта қосу-жөндеу жұмыстары жандандырылды және өндірісті бастау ағымдағы жылдың ортасына жоспарланып отыр.
Қарағанды облысының әкімі Серік Ахметов проблеманы шешуде Үкіметтің қолдау көрсететініне үміт артады. «Мәселе біз үшін өте маңызды. Бұл - бірегей өндіріс және жалпы алғанда республика үшін өте маңызды жоба, - деді аймақ басшысы сөзін ҚР Индустрия және сауда министріне арнап. - Мұның энергияны қажет ететін өндіріс екені түсінікті. Биылғы жылы бұл мәселені шешу қажет. Сондықтан мен сізден ҚР Энергетика және минералдық ресурстар министрлігін тартуды өтінемін. Біз Үкіметке осындай өтініш айтамыз».
Зауыт құрылысының құны 110 млн. АҚШ доллары. Оның өндірістік қуаты - жылына 25 мың тонна металл кремнийін шығару. Жоба «Қазақстанның Даму банкі» АҚ қатысуымен іске асырылған.