Қарағандыда ҚР Көлік министрі А. Жұмағалиевтің қатысуымен алғашқы мамандандырылған ХҚКО ашылды

  АСТАНА. 8 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін Қарағандыда ҚР Көлік  және  коммуникация  министрі  Асқар  Жұмағалиев,
None
None

ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов  және Қарағанды  облысының әкімі Әбілғазы Құсайынов автокөліктерді тіркеу және жүргізуші куәлігін беру қызметтері көрсетілетін алғашқы мамандандырылған ХҚКО-ның ашылуына қатысты. Бұл туралы ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметінен мәлім етті.

Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері мен деректер қорын ықпалдастыру, бизнес-процестерін автоматтандыру, сондай-ақ бір кешеннің ішіне аталған қызмет көрсетудің барлық кезеңдерін біріктіру нәтижесінде қызмет көрсету уақыты айтарлықтай қысқарды.

Мамандандырылған  ХҚКО-да  автокөлікті  бір сағаттың ішінде тіркеп,  ал жүргізуші куәлігін теориялық және тәжірибелік емтихандарды сәтті тапсырған  жағдайда орташа есеппен 2 сағаттың ішінде алуға болады.

Жол қозғалысы ережелері бойынша емтиханды мамандандырылған ХҚКО тапсыруға болатындығын айтып өту керек. Бұл үшін  бейнебақылау камералары, белгі беру қондырғылары орнатылған автоматтандырылған автодром салынып, тест тапсыруға арналған сынып қажетті құралдармен жабдықталды. Көлікті басқару дағдыларын бағалау мен бақылаудың электрондық жүйесі емтихан тапсырудың барлық кезеңдерін белгілеп отырады. Бұл өз кезегінде емтихан тапсырушының тәжірибелік емтиханнан өткені туралы  шешім шығаруда адами факторға жол бермейді.

Сонымен бірге кешен аумағында  автокөлік құралдарының агрегаттарын тексеруге арналған жабық ангар салынды.

Қызмет  көрсету  процесіне  ХҚКО-ның  операторларымен бірге жол полициясы қызметкерлері де жұмылдырылады.  Бірақ олардың міндеттері нақты  бөлінген: орталық операторлары қажетті құжаттарды қабылдаса,  жол полициясы қызметкерлері агрегаттардың сәйкестігін тексерумен бірге техпаспорт және жүргізуші  куәлігін  әзірлеумен  айналысады. Бұл өз кезегінде  азаматтардың құжат дайындауға жауапты қызметкерлерімен тікелей байланысын болдырмайды.  

Жүргізуші  куәлігін  мамандандырылған  ХҚКО-нан  бөлек, бұрынғыдай дәстүрлі түрде алуға болатындығын да айтып өткен жөн.

Мамандандырылған ХҚКО ашу жөніндегі тапсырманы Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында  берді.

Анықтама: мамандандырылған ХҚКО  жалпы аумағы 19 мың  шаршы метрді құрайды.  ХҚКО орталық  ғимарат пен бір мезгілде  8 көлікке қызмет көрсету  мүмкіндігіне ие ангардан тұрады. Автоматтандырылған автодромда бір мезгілде 6 жеңіл, 1 жүк көлігінде  тәжірибелік емтихан тапсыруға болады. ХҚКО маңында 150 автокөлікке есептелген көлік  тұрағы бар. 

Мамандандырылған ХҚКО Мұқанов көшесінде орналасқан, дүйсенбіден сенбі аралығында сағат 9.00 ден 20.00 ге дейін жұмыс істейді.

 

Соңғы жаңалықтар