Қарағандыда мектепте жүріп, алкогольден уланған 6-сынып оқушысы ауруханаға жеткізілді
ҚАРАҒАНДЫ. 25 қаңтар. ҚазАқпарат /Валентина Елизарова/ -Қарағандыда 6-сынып оқушысы «алкогольді затпен қатты уланған» деген диагнозбен мектептен бірден облыстық клиникалық балалар ауруханасына жеткізілді.
Бұл туралы бүгін Қарағанды облысы прокуратурасы баспасөз қызметінің жетекшісі Нұрбек Құзбақов мәлім етті.
Оның айтуынша, оқиға Сортировка кентіндегі №46 орта мектепте болған. «Мектепте жүрген 14 жастағы ер баланың жағдайы нашарлап, есінен танып қалған. Мұғалімдер жедел жәрдем шақырады. Дәрігерлер оқушыны «алкогольді затпен қатты уланған» деген диагноз бойынша облыстық клиникалық балалар ауруханасына алып кеткен», - деп түсіндірді Нұрбек Құзбақов.
Анықталғанындай, жасөспірім бала мектеп маңындағы дүкеннен бір шөлмек арақ сатып алады. «Әрине, бұл жағдай барып тұрған сорақылық. Осы факт бойынша тексеру жүргізіліп жатыр. Полицияға алкогольді ішімдікті кәмелеттік жасқа толмаған балаға сату жөнінде қажетті шараларды қолға алу тапсырылды. Және де мектепке арақ ішіп келген оқушыны мұғалімдері неге байқамады деген мәселе қаралап жатыр. Кәмелеттік жасқа толмағандар ісі жөніндегі комитет баланың ата-анасымен жұмыс істеуде», - дейді Нұрбек Құзбақов.
Баспасөз қызметтің жетекшісі мәлім еткендей, бала ауруханадан әлі шыққан жоқ, дегенмен дәрігерлер оны үйіне жіберуге дайындап жатыр.