Қарағандыда Мемлекеттік Ту 91 метр биіктікке тігілді
«Бүгін біз сіздермен Қарағанды мен бүкіл облыс өміріндегі маңызды оқиғаның куәгері болып отырмыз. 91 метрлік биіктікке Қазақстан Респубикасының Мемлекеттік Туы көтерілді. Осылайша, Қарағандыда мемлекеттік рәміздерге арналған алаң пайда болады», - деді Қарағанды облысының әкімі Бауыржан Әбдішев салтанатты шара барысында. Мемлекеттік Әнұран шырқалған кезде аспанға көлемі 10х20 Ту көтерілді. «Төбемізде желбіреп тұрған Ту қарағандылықтарға жаңа жеңістер мен еліміздің игілігі үшін табыстар әкелсін!» - деп өз тілегін білдірді аймақ басшысы. Қарағанды әкімдігінің мәліметтері бойынша, тутуғырды орнатып, алаңды абаттандыру үшін 118 млн. теңге көлемінде бюджет қаржысы жұмсалды. Алдағы уақытта оның қасынан сквер де ашу жоспарда бар. Шара барысында тутұғыр жанындағы алаңда құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен мемлекеттік қызметкерлер ант қабылдады. Айта кетейік, Мемлекеттік рәміздер күні Қарағандыда веложарыспен ашылды. Ол велоспорттан Азия чемпионатының маршруты бойынша өтті. Оған облыс әкімі, облыстық басқармалардың басшылары, сонымен бірге әуесқой велошабандоздар қатысты. Шара соңында Мемлекеттік рәміздер алаңында патриоттық әндер орындалған концерт өтті.