Қарағандыда Наурызда 70-ке тарта киіз үй тігілді
Қала тұрғындары мен қонақтарын құттықтаған облыс әкімі Бауыржан Әбдішев Наурыз мейрамының ерекшеліктеріне тоқталды.
- Халқымыз үшін сан жылдар сабақтастығын үзбеген Әз-Наурыздың орны қашанда ерекше. Ата-бабамыздан келе жатқан қасиетті мейрам - жай ғана жыл басы емес. Бұл - еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі! Ғасырлар қойнауынан жеткен қасиетті дәстүр! Бүкіл адамзат баласының мәдени мұрасы, асыл қазынасы, - деді аймақ басшысы.
Қарағандылықтар мен қала қонақтарына музыкалық-хореографиялық қойылым мен «Қош келдің, әз-Наурыз!» атты концерттік бағдарлама ұсынылды. Оған Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің әртістері, қазақстандық эстрада жұлдыздары және атақты «Ялла» ансамблі ән мен жырдан шашу шашты.
Мерекелік бағдарламада спорттық сайыстарға да айрықша көңіл бөлінді. Арқан тарту, асық ату, кір тасын көтеру сынды спорттық ойындар ұйымдастырылды. Шығыс жекпе-жегі мен «Қазақ күресі» ұлттық күрес клубының мүшелері де өз өнерлерін ортаға салды.
Жиылған жұртшылық тігілген ақшаңқан үйлерге кіріп, наурыз көжеден дәм татып, ырзашылығын білдіріп жатты. Сонымен қатар тұрмысы төмен отбасыларға, жалғызілікті жандарға да қайырымдық акциялары ұйымдастырылды. Қарағанды наубайханалары арасында бауырсақ пісіруден сайыс өткізілді. Бір ерекшелігі, қамыр илеу мен қазанда пісіру көрермендердің көз алдында өткізіліп, жеңімпаздар да сол жерде анықталды.
Наурыз мейрамына арналған мерекелік шаралар облыстың барлық қалалары мен аудандарында жоғары ұйымдастырушылық деңгейде болып өтті.