Қарағандыда облыстық клиникалық аурухананы жөндеуге 300 млн теңге бөлінді

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов облыстық клиникалық аурухананың жөндеу жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды өңір басшысының ресми сайты.

Қарағандыда облыстық клиникалық аурухананы жөндеуге 300 млн теңге бөлінді

Облыстық клиникалық аурхананың терапевтік корпусының ғимараты соңғы рет 1984-ші жылы жөнделген.

2016-шы жылы «Жұмыспен қамту жол картасы 2020» бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде терапевтік корпустың шатырында күрделі жөндеу жасалып, терезелері ауыстырылды. 2017-ші жылы қасбеті жөнделіп, маңындағы аумағы абаттандырылды.

- Біздің аурухана 1961-ші жылы салынған, сол уақыттан бері мұнда күрделі жөндеу жасалмаған, тек ағымдағы жөндеу жұмыстары өткізіліп отырған. Қазіргі таңда жөндеу аяқталуға жақын. Жасалған жұмыстар әкімнің көңілінен шықты, ол корпусқа қажетті магнитті-резонансты және компьютерлік томографпен жабдықтауға қатысты қосымша тапсырмалар берді. Аймақ басшысы аурхананы демеушілер есебінен, не болмаса МЖӘ бағдарламасы бойынша жабдықтауды тапсырды. Біздің қызметкерлер бұл жаңашылдықтарға қатты қуанып жатыр, - деп атап өтті аурхана директоры Марат Әбеуов.



2018-ші жылы жөндеу барысында 147 млн теңгеден астам қаражат игерілді. Ал 2019-шы жылы бұл мақсаттарға 300 млн теңге бөлінді.