Қарағандыда пациенттерге жөнді қызмет көрсетпейтін клиникалар бар

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында соңғы үш айда медициналық сақтандыру есебінен көрсетілетін медициналық көмек ережелері бірнеше рет бұзылған. Медициналық сақтандыру қоры өңірде емдік қызмет мониторингі қалай жүргізілетінін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Қарағанды облысында 108 медициналық ұйым өңір тұрғындарына медициналық көмек көрсетеді.

Оның 52 % – жекеменшік нысан. Қормен шарт жасасқан барлық мекемелер түрлі мониторингтен өтеді, соның ішінде тұрғындардан түскен шағымдар бойынша тексеріледі.

«Бізде тексеру кестесі бар. Проактивті мониторинг кезінде ереже бұзу фактілері анықталған жағдайда ұйымға оны түзетуге уақыт беріледі. Егер түзетпесе, айыппұл саламыз. Кейбір кемшіліктер бойынша тұрақсыздық айыбын есептеу түріндегі шаралар қолданылады. Біздің міндетіміз – медициналық ұйымға бөлінетін ақшаға сапалы медициналық көмекті қамтамасыз ету және осы көмекті қолжетімді ету», – деп түсіндірді медициналық сақтандыру қоры Қарағанды филиалының директоры Фазыл Копобаев.

2022 жылдың 1 тоқсанында медициналық сақтандыру қоры анықталған бұзушылықтар үшін 300 млн теңгеге жуық сомаға экономикалық ықпал ету шараларын қабылдады.

Негізгі бұзушылықтардың қатарына стандарттар және диагностика мен емдеудің клиникалық хаттамаларынан ауытқу, құжаттаманың дұрыс толтырылмауы жатады.

«Медициналық ұйымдар пациентті ТМККК немесе МӘМС пакетінде көзделген қызмет үшін қосымша ақы төлеуге заңсыз мәжбүрлеген кезде халықтан өтініш келіп түседі. Сіз сапасыз медициналық көмек немесе көмек көрсетуден еш негізсіз бас тартумен немесе төлемді талап ету жағдайларына тап болған кезде жүгінетін бірінші инстанция – аталмыш ұйымның пациенттерді қолдау қызметі. Бұл қызмет мәселені «шұғыл және осы жерде» қағидаты бойынша шешуі тиіс. ҚР ДСМ бұйрығына сәйкес, бұл қызмет әрбір медициналық ұйымда бар. Егер олар ештеңе шешпесе, басшылыққа, әкімшілікке жүгіну қажет. Ал егер басшылар да ештеңе шешпесе – Денсаулық сақтау басқармасына немесе тікелей медициналық сақтандыру қорына қоңырау шалыңыз. Бізде осымен үшінші жыл қатарынан 1406 байланыс орталығы жұмыс істейді. Сонымен қатар, бізде кері байланыстың басқа да көптеген арналары бар: Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы, fms.kz сайты, @SaqtandyryBot атты телеграмм-бот бар», – дейді Фазыл Копобаев.


Соңғы жаңалықтар