Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Қарағандыда полицейлер көліктен 1,1 млн. теңгені ұрлауға күдіктілерді ұстады

ҚАРАҒАНДЫ. 23 тамыз. ҚазАқпарат - Қарағандыда полицейлер «Тойота Ланд Крузер» көлігінен 1,1 млн. теңгені ұрлау күдігімен 23 жастағы екі азаматты ұстады, деп хабарлайды облыстық ІІД-нің баспасөз қызметінен.

Қарағандыда полицейлер көліктен 1,1 млн. теңгені ұрлауға күдіктілерді ұстады

«Қарағандының Қазыбек би атындағы ауданында орналасқан ірі сауда үйлерінің аумағында 22 тамыз күні сағат шамамен 18:00-де жедел-іздеу шараларын өткізу кезінде ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы, «Арлан» арнайы бөлімшесі, облыстық ІІД-нің қылмыстық полиция басқармасы, арнайы жедел қызмет бөлімі және Қарағанды қаласының патрульдік бекеттік қызметінің полицейлері 1,1 млн. теңгені ұрлау күдігімен 23 жастағы екі азаматты ұстады», - делінген облыстық ІІД-нің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Полицияның ақпаратынша, джип көлігінің 20 жасар иесі зардап шекті. Ұрылар көліктің бір жақ терезесін сындырып, ішіне ақша салынған пакетті алып кеткен.

Хабарламада атап өтілгендей, қылмыскерлер «BMW» көлігін пайдаланған, олардан ұрланған ақша, 16-шы калибрлі бір ауызды мылтық, 2 пышақ алынды.

«Ұсталған азаматтар уақытша ұстау абақтысына қамалды. Қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде», - деп хабарлады облыстық ІІД-нің баспасөз қызметі.