Қарағандыда «Спутник V» вакцинасы шығарылып жатқан жоқ
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қарағандыда «Спутник V» вакцинасын шығару тоқтатылды. Бұл туралы ҚР ДСМ дәрі-дәрмек саясаты департаментінің директоры Бауыржан Жүсіпов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Пандемия бастала салысымен Қарағандыда дайын субстанциядан «Спутник V» вакцинасы өндірісін іске қосқан едік. Қазіргі уақытта бұл процесс тоқтатылды. Бүгінде вакцинаның жеткілікті көлемі бар», - деді ол орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Оның атап өтуінше, елімізде отандық QazVac вакцинасының да қоры жеткілікті. Бұған қоса, Pfizer вакцинасын қосымша сатып алу үшін келіссөз жүргізіліп жатыр.
«Спутник V» вакцинасы бойынша келіссөз жүргізіліп жатқан жоқ. Қарағандыда аталмыш вакцинаның өндірісі тоқтаған», - деген Бауыржан Жүсіпов мұндай жайттың геосаяси жағдаймен байланысты еместігін баса айтты.