Қарағандыда сыбайлас жемқорлығы үшін тұрғын үй қоры басқармасының директоры сотталды

ҚАРАҒАНДЫ.  Қыркүйектің  4-і.   ҚазАқпарат /Валентина Елизарова/ - Қарағанды  қаласының   Қазыбек би   аудандық  сотының  үкімімен  «Қарағанды қаласының тұрғын үй  қоры басқармасы»  коммуналдық  мемлекеттік  кәсіпорнының  директоры  Е.Арап сотталды, 
None
None

деп  хабарлады     облыстық прокуратураның басқарма   аға прокуроры   Болат  Есебаев.

Мемлекеттік  қызметкер  мемлекеттік    қызметті  атқару  үшін   өзіне сеніп  тапсырылған  мүлікті    қызмет жағдайын пайдаланып  ұрлағаны,   билікті  немесе  лауазымдық өкілеттігін  асыра  пайдаланғаны   үшін      кінәлі  деп танылды.   Сот оны  жалпы режимдегі колонияға бес жылға  кесті.

 «Қылмыстық қудалау  органы Е.Арапты,  «Қарағанды қаласының тұрғын үй  қоры басқармасы»  коммуналдық  мемлекеттік  кәсіпорнының  директоры болған  кезінде,  мемлекеттік  қызмет  атқарушыға теңестірілген тұлға бола тұрып,  «Мемлекеттік  сатып алулар туралы» заңды  бұзып  ашық   конкурс  ұйымдастырусыз 2007 жылдың  наурызында  жеке-дара  «Инвест-Құрылыс» ЖШС-мен     құны   7,2  миллион  теңгенің МТК-25 автокраны мен құны 4 миллион теңгенің ЭО-2626  тиеу  техникасын    жеткізуге екі келісімшарт жасаған.   Келісімшарт   орындалмаған, ал   ақшалай қаражат бюджетке  қайтарылмаған»,  - дейді    Б.Есебаев.

 Бұл  факті  бойынша  Қарағанды  облыстық қаржы полициясы  2009 жылдың  қаңтар  айында    Е.Араптың үстінен  ҚР Қылмыстық кодексінің  308-ші бабы 4-ші тармағы «в» тармақшасы  бойынша (билікті  немесе  лауазымдық  өкілеттікті асыра   пайдалану фактісі  бойынша)   қылмыстық іс қозғады.   Бірақ  сәуір айында түскен айыптау   қорытындысымен   танысқан облыстық прокуратурадағылар,  бұл  істен  басқа қылмыстың  құрамын   көріп,     жете тексеру  үшін істі    қайтарды.

 «Алдын ала  тексеру  барысында,    басқарма бастығығының  ұзақ   уақыт бойы     бірнеше  рет   кәсіпорын  кассасынан    қомақты ақша алғаны  және ол  соманы   не  қайтармағаны,  не  аванстық есеп бермегені анықталды», - дейді    басқарма прокуроры.    Кәсіпорын директоры    жалпы  есеппен    1 миллион 747 мың  теңге соманы  қалтасына    басқан болып шықты.  Алынған     дәлелдер   оған  тағы бір  айып -    қызмет жағдайын пайдаланып,   ірі көлемде     бөтеннің мүлкін  ұрлау  кінәсін тағуға мүмкіндік беріп отыр.

Соңғы жаңалықтар