Қарағандыда түйнемемен ауырған үш адамды ауруханадан шығарды, тағы үш адам ем қабылдауды жалғастырады

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облыстық жұқпалы аурулар ауруханасынан түйнемемен ауырған үш адам шығарылды. Тағы үшеуі ем қабылдауды жалғастырады, деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айжан Иса.
None
None

«Шет ауданы Еркіндік ауылының үш тұрғыны түйнемеден емдеудің толық курсын алды. Бүгін ер адам, әйел және 10 жасар ұл ауруханадан шығарылды. Тағы үшеуі ауруханада қалады. Олар ем қабылдауды жалғастырады және қайта тапсырған сараптамалардың нәтижесін күтеді», - деді А.Иса.

Дәрігерлердің болжауынша, қалған емделушілерді апта аяғында шығаруы мүмкін.

Айта кетейік, Қарағанды облысы Шет ауданы Еркіндік ауылында түйнеме ауруы анықталды. Және ауыл тұрғынының сібір жарасымен ауырған сиырды сойып, туыстары мен көршілеріне таратып бергені белгілі болды.

Ауылға жарияланған карантин әлі де өз күшінде.

Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына түйнемені жұқтыруы мүмкін 11 адам жатқызылды. Зертханалық тексеруден 8 адамның түйнемені жұқтырғаны белгілі болды. Екі науқас - 33 жастағы әйел мен 49 жастағы ер адам қайтыс болды.

Төтенше жағдай фактісімен ҚР ҚК 327-бабы «Ветеринариялық қағидаларды немесе өсiмдiктердiң аурулары мен зиянкестерiне қарсы күресу үшiн белгiленген қағидаларды бұзу» бойынша және 317 бап «Медицина немесе фармацевтика жұмыскерiнiң кәсiптік мiндеттерiн тиiсiнше орындамауы» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Алдын ала болжам бойынша, аурудың шығу себебі сапасыз вакцинамен және мал қорымын ұстау талаптарының бұзылуымен байланысты болуы мүмкін.

Оқиғаға байланысты облыстық басқарманың бірқатар қызметкерлерді жұмыстан босатып, сөгіс жариялады.

Қарағанды облысына жұмыс сапары кезінде Премьер-Министр Кәрім Мәсімов аймақтағы оқиға туралы жиналыс өткізді. Үкімет басшысы ауыл шаруашылығы, денсаулық және әлеуметтік даму министрліктеріне, Қарағанды облысының басшылығына тапсырмалар берді.

 

Соңғы жаңалықтар