Қарағандыда жас эстрада орындаушыларының ІІІ республикалық байқауы өтуде

ҚАРАҒАНДЫ. 11 қараша. ҚазАқпарат /Валентина Елизарова/ - Қарағандыда бейсенбі, 11 қарашада жас эстрада орындаушыларының «Жұлдыз» республикалық байқауы басталды, деп хабарлайды облыстық мәдениет басқармасы.

Қарағандыда жас эстрада орындаушыларының ІІІ республикалық байқауы өтуде

Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқауда Алматы қаласы мен Ақмола, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облысынан келген 19 қатысушы өзінің орындаушылық өнерін көрсетпек.

«Байқау екі сатыда өткізіледі. Біріншісінде қатысушылар ұйымдастыру комитеті ұсынған әнді вокалды-аспаптар ансамблінің сүйемелдеуімен орындайды. Екінші сатыда қазақтың халық әндері немесе халық орындаушыларының әндері қазіргі заманғы эстрадалық өңдеуде орындалуы тиіс», - деп атап өтті ұйымдастырушылар.

Байқауға қатысушылардың өнерлерін құрамына ҚР мәдениет және өнер қайраткерлері, қазақстандық эстраданың жұлдыздары кірген кәсіби қазылар алқасы бағалайтын болады.

Жеңімпаз жұма күні, 12 қарашада белгілі болады. Осы күні Кеншілердің мәдениет сарайында гала-концерт өтеді.