Қарағандыда жатақхананың жетінші қабатынан құлап кеткен Моңғолия азаматы ажал құшты
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Моңғолия азаматы Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің жатақханасының жетінші қабаттағы терезесінен құлап, мерт болды. Бұл туралы жоғары оқу орнының тәрбие жұмысы мен әлеуметтік мәселелер бойынша проректоры Салауат Кентбек хабарлады.
«Қайғылы оқиға жұма күні кешке болды. Маған университеттің қауіпсіздік қызметінен телефон соғып, №1 жатақханада жетінші қабатағы терезесінен бір жігіттің құлап кеткенін хабарлады. Дәрігерлер оның жан тапсырғанын растады. Қаза болған жігіт біздің студент емес, Моңғолияның азаматы Айболат Дамыс болып шықты. Ол осыған дейін дайындық курстарында оқыған, алайда университетке оқуға түсе алмаған», - деді С.Кентбек. Оның сөзіне қарағанда, негізгі себеп - жазатайым оқиға. «Ол қонақта болған бөлмеде оның жерлестері тұрған. Жолдастары жігіттің терезенің алдына отырып, оған арқасымен сүйенбекші болғанын айтады. Ол перденің ар жағында терезенің ашық тұрғанын байқамай қалған. Олар оны ұстап қалуға тырысқан, алайда үлгермеген, бәрі қас-қағым сәтте болған», - деді студенттердің түсініктемесін көрсеткен проректор. Сонымен бірге ол бөгде адамның жатақханаға қалай кіргені анықталып жатқанын жеткізді. «Дайындық курстарында оқыған кезде ол сонда тұрған. Вахтердің жанынан білдірмей өтіп кеткен болуы керек немесе оны алдап ішке қарай өтіп кеткен. Жерлес достарының бірінің сөзіне қарағанда, кейін ол жатақханада қонуға рұқсат сұраған», - дейді проректор. Жігіттің қазасы жайлы бірден оның Қарағандыда тұратын туған-туыстарына хабар берілді. Оқиғаға қатысты полиция қызметкерлері тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Сонымен бірге мәйітті Моңғолияға жөнелту мәселесі шешілуде.