Қарағандыда жаяу жүргіншінің салғырттығынан полицей жол апатына ұшырап, көз жұмды

ҚАРАҒАНДЫ. 13 қыркүйек. ҚазАқпарат - Қарағандыда жолда жүру ережесін сақтамаған жаяу жүргіншінің кесірінен жол-көлік апатына түскен 26 жастағы полиция қызметкері көз жұмды, - деп хабарланды Қарағанды облысы ІІД-нің баспасөз қызметінен.

Қарағандыда жаяу жүргіншінің салғырттығынан полицей жол апатына ұшырап, көз жұмды

Полицияның берген ақпараты бойынша, жол-көлік апаты 11 қыркүйекте шамамен сағат 23.00-де Ермеков көшесінің бойында, Қарағанды қалалық Ішкі істер басқармасына қарама-қарсы жерде орын алды.

«26 жастағы Қарағанды қалалық ІІБ патрульдік полиция полкінің жүргізушісі «Хюндай» көлігімен жұмысқа бара жатқан. Кенеттен жолға жүгіріп шыққан жаяу жүргіншіні көрген. Оны қағып кетпес үшін рульді солға бұрып, көлікке ие бола алмай, ағашқа соғылды. Жол-көлік апатының салдарынан полиция қызметкері бас сүйегінің сынуы, бас миының соғылуы, иықтың жабық сынығымен Мақажанов атындағы емханаға жеткізіліп, 12 қыркүйекте күндіз сол жерде жан тәсілім етті», - делінген облыстық ІІД баспасөз қызметінің таратқан хабарламасында.

Хабарламада аталып өткендей, жаяу жүргінші оқиға орнынан ізін суытқан.

 «Жол-көлік апатының фактісі бойынша тексеру амалдары жүргізілуде», - деп хабарланды облыстық ІІД-нің баспасөз қызметінен.