Қарағандыда жол апатының салдарынан емхананың жүргізушісі қаза тапты, дәрігер зардап шекті
ҚАРАҒАНДЫ. 19 маусым. ҚазАқпарат - Қарағандыда жол-көлік апатының салдарынан 50 жастағы емхананың жүргізушісі көз жұмып, 68 жастағы дәрігер зардап шекті.
Бұл туралы Қарағанды облысы ІІД-нің баспасөз қызметі хабарлады.
«Қарағандыда Методическая көшесі бойындағы үйдің жанында 18 маусым күні сағат 15.00-де «ВАЗ-21310» көлігін мінген, қалалық емханалардың бірінде жұмыс істейтін 50 жастағы жүргізуші қарсы бағытқа шығып кетіп, 28 жастағы қала тұрғыны басқарған «Ауди» көлігімен соқтығысты. Көліктің қозғалысын тоқтата алмай ол 23 жастағы ер адам басқарған, аялдама тұрған «ПАЗ» автобусымен соқтығысты», - деп хабарлады облыстық ІІД-нің баспасөз қызметі.
Полицияның берген ақпаратына қарағанда, жол-көлік апатының салдарынан емхананың жүргізушісі мен оның жолаушысы, 68 жастағы дәрігер ауруханаға жеткізілді. «Жүргізушінің жамбасы мен қабырғалары, дәрігердің бұғанасы сынған», - деп хабарлады облыстық ІІД-нің баспасөз қызметі. Жүргізуші ауруханада көз жұмды.
«Жол-көлік апаты бойынша тексеру амалдары жүргізілуде»,- делінген хабарламада.