Қарағандыда жөнделіп жатқан жолдардың сапасына назар аударылады

Мердігерлермен әңгімелесе келе облыс әкімі сапаға баса назар аударуды талап етті. Оны битум қай жерде және қалай тексерілетіні қызықтырды. Себебі сапасыз материалдың салдарынан көктемде өткен жылы ғана төселген асфальт «еріп» кеткен болатын.
«Талап қатаң болады. Алақол мердігерлерді «қара тізімге» енгізетін боламыз», - деп ескертті Ерлан Қошанов.
Қарағандыда биылғы жылы жол жөндеу жұмыстары 127 учаскіде жүргізіліп жатыр.
Салыстырар болсақ, өткен жылы олардың саны 27 болатын. Жалпы облыс бойынша 860 шақырым жолды қалыпқа келтіру жоспарланып отыр. Ауқымды жұмыстар Қарағанды, Теміртау, Балқаш, Жезқазған және Сәтпаев қалаларында жүріп жатыр. Егер өткен жылдары орташа жөндеу жұмыстары үшін республикалық бюджеттен шамамен 900 млн теңге бөлінген болса, биыл ол 5 млрд теңгедей болып отыр. Бұл қаражатқа Қарағанды-Жезқазған, Қарағанды-Қарқаралы, Жезқазған-Қызылорда жолдары жөделеді. Барлық жолдар қыркүйек айына дейін жөнделіп болуы тиіс.
Ерлан Қошанов жұмыс сапары барысында сын айтып, тапсырмалар берді. Қатаң сынға Қарағанды, Теміртау, Жезқазғандағы жолдарда тапсырыстар алған «АрмСтрой» компаниясы алынды.
«Біз бүгін Октябрь ауданын тексеріп шықтық. Жұмыстар кестеге сай жүргізіліп жатыр. Сапаға баса назар аударудамыз. Ол үшін техникалық бақылау мен қоғамдық қадағалау жүріп жатыр. Сараптама үшін мамандандырылған және тәуелсіз зертханалар жұмылдырылды. Оларда әрбір асфальт топтамалары тексерілетін болады», - деді облыс әкімі журналистерге берген сұхбаты барысында.