Қарағандыдағы «Silicium Kazakhstan» зауыты қазан айында іске қосылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2014 жылдың қазанында Қарағандыдағы «Silicium Kazakhstan» кремний зауытының пештерін жартылай іске қосу жоспарланған. Бұл туралы бүгін Астанада «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ және Компаниялар тобының қызмет қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында басқарма басшысы Қуандық Бишімбаев айтты.
«Біз жыл басынан бері сот жұмыстарын жүргізіп, зауытты Қазақстанның инвестициялық қорының меншігіне қайтарып бердік. Енді қазанның бірінші жартысында бұл кәсіпорын іске қосылады деп күтіп отырмыз. Яғни біз «Таукен-Самұрық» инвесторларымен бірлесе отырып, зауыттағы пештердің жұмысын бастаймыз», - деді ол.
Оның айтуынша, зауыт жыл соңына дейін мың тонна өнім өндіреді деп жоспарлануда.
«Бұл 5-6 жыл бойы жұмыссыз тұрған зауыт. Енді ол жыл соңына дейін 1000 тонна кремний өндіреді деп жоспарлап отырмыз. Жоба негізі технологиялық жағынан өте қиын, алайда біз «Таукен-Самұрықпен» бірлесе отырып, оны қайтадан өмірге келтіріп, өндірісті жолға қоюдың жолдарын таптық», - деді ол.