Қарағандыдағы тұрғын үйде тұрмыстық газдың жарылауынан зардап шеккен үш адамның жағдайы ауыр

ҚАРАҒАНДЫ. 22 маусым. ҚазАқпарат - Қарағанды қаласындағы 4 қабатты тұрғын үйде тұрмыстық газдың жарылуынан зардап шеккен бес адамның үшеуі ауыр халде жатыр.

Қарағандыдағы тұрғын үйде тұрмыстық газдың жарылауынан зардап шеккен үш адамның жағдайы ауыр

Бұл туралы журналистерге Мақажанов атындағы облыстық емхананың күйік бөлімінің меңгерушісі Василий Мокренко хабарлады.

«Таңертең бізге зардап шеккен бес адам жеткізілді, олардың арасында бір бала болды. Төртеуі - күйікпен, ал қирандылардың астында қалған бір әйел кеуде қуысының және омыртқа жарақаттарымен түсті. Нейрохирургтің қарауы мен зерттеуінен кейін ол облыстық медициналық орталыққа ауыстырылды», - деді В.Мокренко.

Пәтерде болған отбасы мүшелерінің төртеуі қазіргі уақытта жан сақтау бөлімінде жатыр. «Екі әйелдің жағдайы өте ауыр, өйткені денелерінің 20-дан 40 пайызын күйік шалған. 8 жасар бала мен оның әкесінің жағдайы орташа ауыр, бірақ олар толық зерттелу аяқталғанша жан сақтау бөлімінде жататын болады», - деп түсіндірді бөлім меңгерушісі.

Оның айтуынша, төртеуінің де терісі ғана емес, тыныс алу жолдары да күйген. «Болашақта бұл өкпе ауруына соқтыруы мүмкін», - деп атап өтті дәрігер.

35 шаршы метрге тараған өрт бір сағаттан кейін толық сөндірілді. Тілсіз жауды ауыздықтауға ҚР ТЖМ Қарағанды облысы бойынша ТЖД өртке қарсы қызметінің 46 адамы мен 9 техникасы және ҚР ТЖМ «ЦМК» ММ-нің 3 адамы мен 1 техникасы жұмылдырылды.

Алдын ала болжам бойынша, өртке газ қоспасының жарылуы себеп болды. Қазіргі уақытта оқиға орнында жедел-тергеу тобы жұмыс істеуде.