20:44, 26 Қаңтар 2009 | GMT +5
Қарағандылық А.Белгібаев кикбоксингіден кәсіпқойлар арасында әлем чемпионы атағын сақтап қалды
ҚАРАҒАНДЫ. Қаңтардың 26-сы. ҚазАқпарат /Валентина Елизарова/ - Қарағандылық Азамат Белгібаев француз Джерон Ноелмен жекпе-жекте жеңіске жетіп, кикбоксингіден әлем чемпионы атағын сақтап қалды,

деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісіне Қарағанды облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінің директоры Тастамбек Есентаев.Кездесу Францияда қаңтардың 24-інде өтті. Кәсіпқой сайысты Бүкіләлемдік WAKO-PRO кикбоксинг ұйымы ұйымдастырды. «Өткен жылы Қарағандыда өткен кәсіпқой сайыста Азамат 75 килә салмақ санаты бойынша кәсіпқойлар арасында әлем чемпионы атанған болатын. Ойын ережесі бойынша екінші және үшінші орынға шыққандар чемпионды қарымта қайтаруға шақыра алады. Үшінші орынды иеленген француз спортшысы Азаматты осылайша кездесуге шақырған еді», деп түсіндірді Т.Есенбаев.Оның айтуынша, 21 жастағы қарағандылық кикбоксинг шебері бұл жекпе-жекті ойдағыдай өткізді. «12 раунд екі минөтте аяқталуға тиіс еді. Азамат үшінші раундтың өзінде сайысты мерзімінен бұрын аяқтады. Ол бүгінде 75 килә салмақ бойынша әлемдегі нөмірі бірінші спортшы», - деді мектеп директоры.