Қарағандылық философ Жолдаудың маңызды екі бағыты туралы айтты
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Евней Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті философия және психология факультетінің деканы, философия ғылымдарының докторы, профессор Байжол Кәріпбаев Жолдаудың студенттер үшін маңызды екі қырын ерекшелеп өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Менің ойымша, Мемлекет Басшысының ел халқына арнаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы өзінің нақтылығымен ерекшеленеді. Ең бастысы - оны әрбір азамат жеке қабылдай алады. Бұл Жолдаудан кез келген салада істейтін адам, өзіне қажеттісін таба алады», - дейді Кәріпбаев.
Ғалымның айтуынша, Жолдауда оқыту бағдарламаларын жастардың сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттау жөніндегі тапсырмалары ол үшін өте жақын.
«Өкінішке орай, кейде жоғары білім берудің басымдығы жәй ғана білімді паш етуге негізделеді. Негізі студенттерге өз бетінше білім алу дағдылары дамытылуы тиіс. Жастардың сыни ойлау қабілеті заман талабына айналды. Бұл өзінің деңгейіне, іс-қимылына орынды баға беруге, ары қарай дамуға мүмкіндік береді», - дейді профессор.
«Бүгінгі студенттер - ертеңгі басшылар. Олар экономикалық, әлеуметтік саясатқа ықпал етеді. Олардың қабілетіне біздің елдің болашағы, бағдарламалардың мардымды жүзеге асырылуы не асырылмауы тәуелді. Сондықтан оларға білім беру турасында біздерге, оқытушыларға және жалпы білім беру жүйесіне үлкен жауапкершілік артылады».
Профессор Кәріпбаев Қазақстандағы қазіргі заманғы діни жағдайды кешенді талдайтын зертханаға жетекшілік етеді. Сарапшы Жолдауда лаңкестік және экстремизммен күрес мәселелері бойынша көтерілген сұрақтарды ерекше атап өтуі де заңдылық.
«Күресіп қана қоймай, бұл қатерлерге бірдеңе қарсы қоюымыз керек. Осы тұрғыда жастарға әлеуметтік өмірде көп бағытта дамуына мүмкіндік беретін факторларды кеңейтуге, шағын және орта бизнесте өзін-өзі қалыптастыруға мүмкіндік беру - өте маңызды шара», - дейді философ.
«Бұл лаңкестік топтардың жастарды өзінің қатарына қосуға жасап жатқан талпыныстарын жоққа шығарады. Меніңше, бұл өте тиімді шешім».
Сарапшының пікірінше, әрбір қазақстандық өз өмірінің жаңғыруын қамтамасыз етуі шарт.
«Егер Жолдау сәтті жүзеге асырылса, қазақстандық халық деген кім, халықаралық аренада оның орны қандай деген сауалдарға өздігінен жауаптар табылады», - дейді Кәріпбаев.