Қарағандылық мектеп оқушысы өз дарынымен дүние жүзінің ғұламаларын таң қалдырды

АСТАНА. 21 маусым. ҚазАқпарат -  Қарағандыдағы «Дарын» мектебінде білім алып жатқан Әсия Құсайынова  жер шарының алпыс бес елі қатысқан «Дүниежүзілік ғылыми-инженерлік шығармашылық» байқауынан Бас жүлдені жеңіп қайтты.

Қарағандылық мектеп оқушысы өз дарынымен дүние жүзінің ғұламаларын  таң қалдырды

Әсия - қазақ тарихында бұрын-соңды болмаған жүлдені иеленіп келді. Бұл дүниежүзілік ғылыми-инженерлік шығармашылық байқаудағы Қазақстанның алғашқы жеңісі. Ұзақ күткен қуанышты хабар - тек қарағандылықтарға ғана емес, бүкіл қазаққа ортақ жетістік.

  Әлемнің 65 елінен ең дарынды жастар жиналған білім жарысына қарағандылық өнертапқыш желден электр қуатын өндіретін қондырғысын ұсынған. Бұл жоба келешекте электр тапшылығын жоюға мүмкіндік бермек. Қондырғының көмегімен, әсіресе, шалғайдағы елді мекендерде электр қуатының тапшылығын жоюға болады.

 Жеткіншектің жобасы шетелдің онға тарта ғалымдарын таңдандырыпты. Әсия «Климат пен энергетика» және инженерлік жұмыстар санаттары бойынша 1-орынды иеленді. Сондай-ақ, қарағандылық дарынның жобасын Сауд Арабиясының патшасы жоғары бағалап, естелікке сый ұсынған. Бұл жеңіс Әсияға жас ғалымдардың еуропалық додасына қатысуға мүмкіндік беріп отыр, деп хабарлайды «Қазақстан» телеарнасы.