Қарағандылық мүгедектердің қоғамдық бірлестіктеріне қайырымдылық көмек көрсетілді
«Лайықты өмір» оңалту орталығына қоларбаларға арналған арнайы көтергіш құрылғылары бар екі «Volkswagen» көлігінің кілті табыс етілді, бұл көліктерді жекеменшік «Сәби» қайырымдылық қоры беріп отыр. Сондай-ақ мүгедектердің қоғамдық бірлестіктерінің белсенді мүшелеріне электр жетекті қоларбалардың, церебральды сал ауруына шалдыққан балаларға арналған қоларбалардың, тифлоплеерлер мен компьютерлік тифлокешеннің төлқұжаттары табыс етілді», деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметінен.
Мүгедектерді әлеуметтік қолдауға қарастырылған облыстық бюджеттің шығысы соңғы жылдары 4 есеге өсіп отыр. 2005 жылы 95 миллион теңге қарастырылса, 2010 жылы бұл сома 356,1 миллион теңгені құрады, деп атап көрсетті облыс әкімі Серік Ахметов өз сөзінде.
Мүмкіндіктері шектеулі адамдарды қолдау жөніндегі әлеуметтік бағдарламаларға мемлекеттік органдармен қатар аймақтың жүйе құрушы кәсіпорындары мен үкіметтік емес ұйымдары да өз үлестерін қосуда, деді облыс әкімі. «Облыс әкімдігі мен «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамының арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандумның аясында мүгедектер үшін электр жетекші 22 қоларба, зағиптарға арналған диктофондар мен тифлоплеерлер сатып алынды», деді әкім өз сөзінде.